Жетісу облысы: Панфилов ауданында екі спорт кешені ашылды
Республика күніне орай Пенжім ауылында 100 орынды және Үлкеншыған ауылында 90 орынды спорт нысандары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған спорт кешендерінде ойын алаңдары мен фитнес залдары, бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне аралған секциялар жұмыс істейді. 2615.7 шаршы метр аумақты алатын Пенжім ауылдық спорт кешенінің құрлысына 1 млрд 115 млн теңге қаржы бөлінген.

Ал Үлкеншыған ауылдық спорт кешеніне 1 млрд теңгенің қаражаты жұмсалған. 2057.80 шаршы метрді құрайтын кешенде қазірдің өзінде балалар жаттығуды бастаған.
Спорттық нысандардың ашылуында сөйлеген аудан әкімі Марат Сағымбек өңірдегі қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталды.

"Былтыр біздің ауданда 6 спорт кешені пайдалануға берілді. Бұның барлығын ауылдың кәсіпкерлері өз қаражаттарына салды. Жақын күндері Жаркент қаласында жеке азаматтардың қолдауымен инвестициялық құны 500 млн теңгені құрайтын спорт кешені ашылады. Сонымен қатар Үшарал ауылында тағы бір спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұйырса келер жылы пайдалануға берілетін болады. Біз басқа да ауылдарға демеушілер тарапынан спорттық нысандарды салуды жалғастыра беретін боламыз", - деді аудан әкімі.

Қазірдің өзінде спорттық кешендерде ауыл балалары спорттық секцияларға жазылып, жаттығуды бастаған. Іші толықтай заманауи материалдық базамен қамтылған кешеннің ашылуына ауыл тұрғындары дән риза.