Жетісу облысында 80-нен астам ойын және спорт алаңы салынып, жөнделіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында 83 балалар ойын және спорт алаңы салынуда және жаңғыртылуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылы өңірде 58 алаң жаңадан салынып, 25-і ағымдағы жөндеуден өтеді. Бүгінгі күнге дейін 25 алаңда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Оның ішінде 7-еуі – жаңадан бой көтерген ойын алаңдары.
Жобалар тұрғын үй аулаларын абаттандыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда:
-
Текелі қаласында – 27,
-
Талдықорғанда – 21,
-
Ақсу ауданында – 20,
-
Қаратал және Көксу аудандарында – 5-тен,
-
Кербұлақ ауданында – 4,
-
Сарқан ауданында – 1 алаң абаттандырылып жатыр.
Балалар мен тұрғындар жаңартылған инфрақұрылымға оң бағасын беруде.
– Текелідегі «Металлург» шағын ауданындағы Бөлтірік шешен көшесінде тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Үйіміздің алдына жаңадан балалар ойын алаңы салынды. Кешкілік немерелерімді серуенге алып шығамын. Өзім де көршілермен бірге арнайы қойылған орындықтарда отырып, әңгіме-дүкен құрамын. Сапасы жақсы, көңілімізден шықты. Балалар да, біз де қуаныштымыз, – дейді текелілік тұрғын Қанат Сейсенбаев.
Айта кетейік, бүгін аймақта жер сілкінді.