Жетісу облысында АИТВ инфекциясын жұқтырған 714 адам анықталды

Өңірде тағы бір жұқпалы дерт - адамның иммун тапшылығы вирусының таралуы азаймай отыр. Дәрігерлердің дерегі бойынша өткен 10 айда 714 адамнан инфекция табылған, деп хабарлайды Kazinform.

инфекция
Фото: Kazinform

АИТВ инфекциясын жұқтырған адам ерте кезеңнен емделсе, оның денсаулыққа келтіретін зияны да кеми түседі. Жұқпалы дерт белгісін анықтаудың бірден бір жолы жедел-сынама тапсыру екен.

- Экспресс-тест адам биоматериал тапсырғаннан соң 20-30 минут арасында ағзада АИТВ инфекциясының бар-жоғын анықтай алады. Егер бұндай талдау сырқат бар екенін білдірсе, диагнозды нақтылау үшін нәтижені мүмкіндігінше тезірек арнайы орталықтың зертханасында қайта тексеру қажет, - дейді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы алғашқы көмекті үйлестіру және қоғамдық денсаулық бөлімінің басшысы Алмагүл Кенжеғұлова.

Маманның айтуынша, АИТВ инфекциясы өлімге әкелетін ауру емес. Вирус жұқтырған науқас антиретровирустық терапияны үздіксіз қолданудың нәтижесінде ұзақ әрі сапалы өмір сүреді. Сондай-ақ адам өзінің диагнозын ертерек біліп, АРТ терапиясын қабылдаса вирустың өзгелерге жұғуына жол бермейді екен.