Жетісу облысында ауыл әкімінің басы дауға қалды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Ақсу ауылының тұрғыны Әсем Бөкенова ауыл әкімінің үстінен арыз жазды. Көпбалалы ана шенеунікті түн ортасында терезеден кіріп, зорлық көрсетпек болды деп айыптап отыр. 

Ауыл әкімінің басы дауға қалды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

36 жастағы Әсем Бөкенова ауылдық әкімшілікте бас маман болып жұмыс істейді. Ол өткен шілде айының 31-і күні күтпеген жағдайға тап болғанын жеткізді. Келіншек түн ішінде шырт ұйқыда жатқанда үйіне бөтен адам кіріп көрпесін ашқанын айтады.

Ауыл әкімінің басы дауға қалды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Сағат 02.30 шамасында ұйықтап жатсам, ту сыртымнан біреу келіп іш киімімді тартады. Басында түсінген жоқпын. Анықтап қарасам дәу біреу пыс-пыс етіп, ішімдік иісі шығып отыр екен. Шошып жүгіріп барып ас үйдің жарығын жақсам жаңағы әкім», - дейді Әсем Бөкенова.

Ауыл әкімінің басы дауға қалды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Ал, Ілияс Райымқұлов қоластындағы қызметкерінің сөзін жоққа шығарып отыр. Ол Әсем Бөкенованың үйіндегі дүкенге барғанын, бірақ жабық болған соң қайтып кеткенін айтады. Сондай-ақ, әкім бұл өзін қызметтен алу үшін әдейі жабылған жала деп топшылайды.

Ауыл әкімінің басы дауға қалды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Бұл кісі бұрынғы әкімнің кезінде жұмысқа келмей үйде жатып ақша алатын. Сол кісіні қолдап маған қарсы шығып жала жауып отыр қазіргі уақытта. 31-нен 1-не қараған түні дүкенге барғанымыз рас. Жанымда досым мен әйелім болды. Дүкен жабық екен. Қоңырауын бастық, есігін тақылдаттық. Содан біз қайтып кеттік ол жерден. Бұл кісі сұмдық жағдайды айтып отыр ғой, сондай жағдай болған болса, не себепті бірден полиция қызметкерлеріне хабарласпады? Ертеңінде түстен кейін бірақ хабарласқан», - дейді Ақсу ауылдық округінің әкімі Ілияс Райымқұлов.

Бұл жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған. Алайда, Әсем Бөкенова бұл баппен келіспейтінін жеткізді. Іс Ақсу аудандық сотында қаралып жатыр, келесі сот отырысы 24 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.

Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында алаяқтық жолмен ақша алған прокурор жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар