Жетісу облысында «Ауыл аманаты» жобасы қалай жүзеге асып жатыр

Елімізде ауылдық өңірлерді мекендейтін адамдардың әлеуметтік жағдайы қала тұрғындарына қарағанда көп төмен. Мұндай теңсіздікті болдырмау үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Қазір жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы мақсатты көздейді, деп хабарлайды Kazinform.

ауыл
Фото: Kazinform

Жетісу облысында халықтың 55 пайызы ауылдық өңірде тұрады. Сәйкесінше, елдің негізі күн көрісі ауыл шаруашылығы болып отыр. Аймақта 387,6 мың адам нәпақасын мал бағып, егін егіп тауып жүр. Демек, облыс халқының дені ауылдық жерде шоғырланғандықан ауыл халқының тұрмыстық жағдайын көтеру өзекті мәселе саналады. Сол себептен де өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы сұранысқа ие.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында облысқа 3 201,0 млн теңге қаржы бөлінген. Қараша айына дейін бағдарлама аясында 2911,5 млн теңгеге 512 өтінім мақұлданып, 1959,8 млн теңгеге 332 адам несие алған. Тағы да 951,7 млн теңгеге 180 өтінімді қаржыландыру бойынша құжаттар ресімделіп жатыр.

Бөлінген қаражатқа 700-ден астам ірі қара мал, 2,3 мың ұсақ мал және 500-ге жуық жылқы сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бизнестің басқа бағыттары бойынша 37 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру бойынша 8 өтінім мақұлданды, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру бойынша 5 өтінім, туризм және өсімдік шаруашылығы саласында 2 жобадан, арнайы техника сатып алу бойынша 6 және түрлі қызметтер көрсету бойынша 14 жоба бар.

«Жалпы ауыл шаруашылығы кооперациясы институтын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жабдықтар мен техника сатып алуға 138 млн теңге резервке қойылып, бүгінге дейін 2 кооперативке 50 млн теңге берілді. Бұл қатарда ет өнімдерін өндіру бойынша мал азығын дайындаудан бастап, мал бордақылау, өңдеу және дайын өнімін өздерінің сату нүктесінде халыққа өткізуді қамтитын толық циклды және мал азығын дайындау бойынша маманданған кооперативтер бар», — дейді Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жанар Тұрысжанқызы.