Жетісу облысында ауыл тұрғындары егістік жер ала алмай отыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Ақсу ауданына қарасты Алтынарық елдімекенінің тұрғындары ұзақ жылдардан бері егістік жер сұрап келеді. Айтуларынша, ауылдағы ауылшаруашылық мақсатындағы жер игерілмей жатыр. Халық осы мәселені айтып аудандық атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына сан мәрте хат жолдаған.
Алтынарық — аядай ғана ауыл. 600-ден аса тұрғыны бар. Санаулы ғана адам мектеп пен дәрігерлік пункте істесе, қалғаны екі қолға бір күрек таппай сандалып жүр.
Күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, оның өзінде мыңғырған төрт түлік жоқ. Өйткені, шөп қымбат. Азын-аулақ ұсақ малмен жан бағып отыр. Жерге қолымыз жетсе егін егіп тіршілік жасайтын едік дейді тұрғындар.
«13 жыл болды осы ауылға келін болып түскеніме. 6 баламыз бар. Ауылда жұмыс жоқ. Елдің малын бағып күн көріп отырмыз. Күйеуімді қалаға жұмысқа жібере алмаймын. Бала-шағамен қалай қаламын? Алтынарықта айналасатын басқа ештеңе жоқ. Егін егейік деп неше жылдан бері жер сұрап келеміз, бірақ жерге жете алмай жатқан жайымыз бар», — дейді ауыл тұрғыны Кәмшат Жақсылықова.
Ауылда 70-тен аса тұрғында егістік жер жоқ екен. Ал елдімекенде 3 мың гектарға жуық суармалы жер бар. Оның басым бөлігін кәсіпкерлер жалға алып отыр.
«Мен осы ауылдың тумасымын. 56 жыл болды осында тұрғаныма, жер жоқ. Ауылда танымайтын біреулер жүреді, не істеп жүрсің десең „жерім бар“ дейді. Қай қайдағы біреулер жүреді. Оларда жер бар, осы жердің тұрғылықты адамдарында жер жоқ. Жерді жалға алып отырғандар үкіметке өтірік мәлімет беріп отыр. Біз сеуіп жатырмыз деп. Шын мәнісінде ештеңе алып жатқан жоқ. Жер жайымен жатыр. Пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Олар алқаптан айрылғысы келмейді де, оны басқа біреулерге жалға беріп, соның арқасында ақша тауып отыр», — дейді ауыл тұрғыны Төлеу Ғали.
Жергілікті шенеуніктер пайдаланылмай бос жатқан жердің біраз бөлігін қайтарып алып жатқанын айтады.
«Агро Холдинг Ақсу» 114 гектар жерді 2014 жылы конкурс арқылы алған болатын. 10 жыл өткен соң аудан әкіміне ұзарту жөнінде өтініш жазған. Өтініш қанағаттандырылмады. Себебі, соңғы үш жыл жерді игермеді. Ол жер аудан қорына қайтарылды. Бұл шешіммен келіспеген «Агро Холдинг Ақсу» басшылығы облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне арызданған. Мекеме бізге тексеріс ашып, жалға алу мерзімін ұзарту жөнінде нұсқама берді. Біз де бұл шешіммен келіспейміз», — дейді Ақсу аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Османбеков.
Жер дауы ұзаққа созылатын сыңайлы. Дегенмен атқарушы билік президенттің ауылшаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану тапсырмасына сай егістік жерді ауыл халқына конкурс арқылы беруге ықпал етеміз деп отыр.