Жетісу облысында дайын тұрған көппәтерлі 6 тұрғын үй бос тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата еліміздің бірқатар өңірінде пайдалануға берілгенімен қаңырап бос тұрған үйлерге тексеру жүргізді.
«ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 2024 жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының тізіліміне сәйкес, Абай, Алматы, Ұлытау және Жетісу облыстарында аудиторлық іс-шаралар жүргізді. Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысында Жетісу облысында мемлекеттік сатып алудан бөлек процедура арқылы түрлі мердігер ұйымдар сатып алған абаттандыру, жылумен қамтамасыз ететін сыртқы желілер, сумен жабдықтау, кәріздендіру, телефон орнату жұмыстарының созылып кеткені анықталды. Осы жайт пайдалануға берілген жалпы құны шамамен 5 870,9 млн теңге болатын 60 пәтерлі төрт, 80 пәтерлі екі үйдің 1,5 жылдан астам уақыт бойы бос тұрып қалуына себеп болды», - деді ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.
Палатаның атап өтуінше, аталған үйлер әлеуметтік жағынан қорғалмаған 400 отбасының баспана мәселесін шешуі тиіс болатын. Аталған отбасылар пәтерлерін әлі күтіп отыр.
«Дәл осындай факті Ұлытау облысында анықталды. Онда Жезқазған қаласының магистралды жылу жүйесіндегі проблема 2023 жылы салынған құны 557,6 млн теңге болатын тұрғын үйдің толықтай бос тұруына себеп болып отыр», - делінген палата жауабында.