Жетісу облысында қызылша жұқтыру дерегі азайды
Жетісу облысы бойынша жұқпалы дерттің таралуы тұрақтылық тенденциясына жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Облыс эпидемиологтарының мәліметінше, қазір өңірдегі жағдайды қалыпты деп бағалауға болады. Дерек бойынша өңірде қызылша жұқтырған 593 науқас бар. Әзірге Талдықорған қаласы мен Алакөл, Панфилов аудандарындағы жағдай күрделі болғанымен, басқа аймақтардағы ахуал тұрақтанған.
Сондай-ақ облыста қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Вакцина алуға тиісті тұрғындардың 77,6 пайызы екпемен қамтылған.
«Қосымша жаппай иммундау жұмыстары облыста 27 қарашадан бастап жүргізілуде. Атап айтсақ, 41 034 адам қамтылды. Оның ішінде 6-10 айдағы 3 924 бала, 2-4 жастағы 27 893 бала және 3 577 медицина қызметкері бар. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 5 640 жасөспірім екпе алды», - дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.