14:12, 12 Наурыз 2024 | GMT +5
Жетісу облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Таудан аққан қар суы тұрғындарға қауіп төндірмес үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті әкімдікпен бірге апаттың алдын алуға кірісті.

«Қазір жергілікті атқарушы органдармен су тасқыны қаупі бар екі елді мекенде 1,2 шақырым су бұру арнасына жөндеу және 4,6 шақырым өзен арналарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттен.
Сонымен бірге су тасқынына қарсы 92 шақырым арық желілері, 66 шақырым каналдар мен 1 728 су өткізгіш құбырлар қар мен мұздан тазартылды. Су басу қаупі бар елді мекендерден 17 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.
Қазір су тасқынына қарсы 141 су сору мотопомпасы мен 264 техника дайын тұр.