Жетісу облысында көпбалалы ана өзіне қол жұмсады

аурухана
Фото: Freepik

Аса ірі көлемде дәрі қабылдаған Ақсу ауданының тұрғыны аурухана төсегінде қайтыс болды. Жергілікті полиция «өзін өлтіруге итермелеу» бабы бойынша іс қозғады, деп хабарлайды Kazinform.

Қайғылы оқиға өткен жылдың 28 желтоқсанында Жансүгіров ауылында болған.

Куәгерлердің айтуынша, өзіне қол жұмсаған 35 жастағы көпбалалы ана Балжан Өзбекова — өңірдегі белсенді тұрғындардың бірі.

Сол күні аудан әкімінің қабылдауында болған ол құрбысының үйіне келіп, өзіне қол жұмсайтынын, 10 қорап аспирин ішкенін айтады.

Құрбысы дереу аудандық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлерге болған жайды ескерткен.

Аудан дәрігерлері көпбалалы ананы жансақтау бөліміне жатқызып, қажетті ем-дом жасағанымен, келесі күні науқас қайтыс болған.

— Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, — деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Марқұмның артында төрт баласы қалды. 

Соңғы жаңалықтар