Жетісу облысында құс атуға шыққан мектеп оқушысына оқ тиді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Алакөл ауданындағы Көлбай ауылында кәмелетке толмаған балаға оқ тиді. Оқушы қазір Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

аңшы
Фото: pexels

Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға 20 қараша күні кешкі сағат 17:00 шамасында болған.

Көлбай орта мектебінде 9-10 сынып оқитын үш оқушы құс атуға шыққан. Абайсызда атылып кеткен мылтық оғынан 2009 жылғы бала аяғынан ауыр жарақат алған.

— Жарақат алған оқушы жедел жәрдем көлігімен Қабанбай ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған (диагноз: ашық жіліншіктің оқ жарақаты). Бүгінгі күнде ол Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде, жағдайы бірқалыпты. Оқушылар аудандық полицияда, мектепішілік профилактикалық есепте тіркелмеген, — деді облыстық білім басқармасынан. 

Бұл іске қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. 

— Алакөл ауданында жасөспірім жанындағы досын байқаусызда мылтықпен атып алған. Балалардың бірі атасына тиесілі қаруды сұраусыз алып кеткен. Кінәлі оқушы есепке алынып, ата-анасы жауапқа тартылды, — делінген облыстық полиция департаменті ұсынған деректе. 

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері азаматтарға қару сақтау, қолдану ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Еске салайық, осыған дейін Талдықорғанда қоғамдық көліктер оқушыларға тоқтамайтынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар