Жетісу облысында шегіртке ошақтары тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрестің белсенді кезеңі басталды. Олардың жаппай таралуына жол бермеу үшін өңірде авиация, дрондар және жерүсті арнайы техникалары қолданылып жатыр.
Биыл өңірде 133,4 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабына химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (152,6 мың гектар) аз болғанымен, қауіптің төмендегенін емес, шегіртке ошақтарын дәлірек анықтап, аумақтарды нысаналы түрде өңдеуді білдіреді.
Қазіргі таңда 8,4 мың гектар аумақта шегіртке ошағы тіркелген. Жағдай облыстың бірнеше ауданын қамтып отыр. Шегіртке түрлері Ақсу, Қаратал, Көксу және Панфилов аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында анықталған. Жалпы таралу аумағы — 4,1 мың гектар.
Қанатты үйірлерге тез біріге алатындықтан аса қауіпті саналатын үйірлі шегірткеге ерекше назар аударылады. Оның ошақтары Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу және Панфилов аудандарында анықталған. Мұнда зиянкес 4,3 мың гектар аумаққа таралып, соның 3,7 мың гектары өңделіп үлгерген.
Ең күрделі жағдай Панфилов ауданында байқалды. Бірлік, Талды және Сарыбел ауылдық округтерінде шегіртке 2 мың гектардан астам жерге тараған, алайда аумақтың негізгі бөлігі қазірдің өзінде өңделген.
Облыстық фитосанитарлық диагностика және болжамдар филиалының басшысы Бақберген Атантаевтің айтуынша, қазіргі басты міндет — уақытты өткізіп алмау.
— Бүгінгі таңда ең маңыздысы — ошақтарды дер кезінде анықтау. Шегіртке дамудың бастапқы кезеңінде болып, қанатты үйірге айналып үлгермеген кезде жүргізілген өңдеу ең жоғары нәтиже береді, — деді ол.
Оның сөзінше, мониторинг күн сайын жүргізіледі, оған дрондар мен авиация да тартылған.
— Біз үздіксіз режимде жұмыс істеп жатырмыз. Қол жетуі қиын аумақтарды тексеру үшін дрондарды пайдаланамыз, — деді спикер.
Зиянкестерге қарсы күреске алты әуе кемесі, 24 жерүсті бүрку техникасы және 233 маман жұмылдырылған.
Жалпы, биыл Қазақстан бойынша 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр. Жетісу облысында мамандар дер кезінде қабылданған шаралар зиянкестің жаппай таралуына жол бермей, болашақ өнімді сақтап қалуға көмектеседі деп есептейді.
Айта кетейік, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары Батыс Қазақстан облысында да жылма-жыл жүргізіледі.
Сондай-ақ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу қызметтері бірыңғай жүйе арқылы сатып алынады.