Жетісу облысында тонна-тонна пияз далада шашылып жатыр

жетісу
Фото: Диана Тұрлыбек/Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында 150 тоннадай пияз далада шашылып жатыр. Себеп - ескелділік шаруаның жаз бойы бел жазбай жиған өнімін өткізе алмауы. Шіріп бара жатқан пиязды төгуден басқа амалы қалмапты.

«Алатын адам болмай қалды ғой. Қойманы жалға алған, бәріне адам жалдау керек. Содан менен көмек сұрады. Ұялғанымнан келістім, шаруаларға да оңай емес. 9 млн ақшасы күйіп кетті», — деді пияз төгілген жердің иесі Қанағат Қарипов. 

Ал, жергілікті әкімдік өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Шаруаның «өнімді сата алмай отырғанын айтып, көмек сұрамағанын» алға тартады. Белгілі болғанындай, қожалық иесі 3 гектарға пияз себеді.

«Пияз өсірумен шұғылданатын шаруа қожалығы бізден көмек сұраған жоқ. Асылында ауданда апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылатынын біледі. Өтпей қалған жуа ысырап болды», — дейді Ескелді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Қожахметов.  

Қап-қап пияздың далаға төгілуі мәселесін агенттік тілшісі бұған дейін сараптап көрген еді. Фермерлер мұны Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері ұстанған саясаттың «жемісі» деп отыр. Өйткені, артылған өнімді экспорттау шекарада алдан шығатын тосқауылдардың кесірінен мүмкін болмаған. Салдарынан 130 мың тонна пияздың босқа шіріп кетуі мүмкін екендігі айтылған еді. 

Соңғы жаңалықтар