Жетісу облысында тіркеуде тұрған азаматтарға арналған «Жерұйық» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Ауыл тұрғындарына арналған «Жерұйық» бағдарламасына  өтінім қабылдау 10 қыркүйектен  10 қазанға дейін жалғасады.  5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін ипотеканы мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар рәсімдей алады. Бағдарламаның бастапқы жарнасы - 10%, несие 19 жылға беріледі. 

үй
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Жерұйық» бағдарламасын жүзеге асыруға облыс бюджетінен 1 млрд теңге қарастырылған. Жаңа жоба 8 ауданның тұрғындарын қамтиды. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді аудан әкімдіктеріндегі тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы бөлімінде қабылдайды. 

үй
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Жерұйық» бағдарламасына өтінім беру үшін келесі талаптарға сәйкес болу қажет:

- соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің (оның ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй мен үлестің) болмауы. Отбасы мүшелеріне: жұбайы, зайыбы және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады;

- соңғы жұмыс орнында міндетті зейнетақы жарналарымен расталған кемінде 6 ай жұмыс өтілінің болуы.

- Жетісу облысының аудандарында немесе ауылдық округтерінде тіркеудің болуы.

«Отбасы» банк мамандарының айтуынша үй алуға үміткерлер ұпай санына байланысты іріктеледі. 

үй
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

«Үйді ең көп ұпай жинағандар алады. Олардың санына отбасылық жағдай, балалардың болуы, облыстық тіркеудің ұзақтығы әсер етеді. «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша бағдарламаға қатысушылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған азаматтар қосымша ұпай қосылады», - дейді «Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының ресми өкілі Әсел Досанова.

Еске сала кетейік биыл «Отбасы банкі» АҚ түрлі әлеуметтік топтар үшін жеңілдетілген шартпен бірнеше мемлекеттік ипотекалық бағдарлама ұсынғанын жазған болатынбыз.