Жетісу облысында тұтас бір ауыл тері цехының иісіне төзе алмай шағым айтты

кәсіпкер
Фото: Мирас Анитов

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысы Көксу ауданы Балпық би ауылының тұрғындары қыстың аязы мен жаздың аптабында есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр. Мұның бәріне мал терісін өңдейтін зауыт себеп. 

«Қабылданған тері апталап сасып жатады» деген көпшілік таза ауаның арманға айналғанын айтады. Тұншыққан тұрғандар ойын балаларын қысы-жазы үйде ұстап отыруға мәжбүр. Ал ең қиыны — экологияға төнген қатер. Өйткені, азаматтардың сөзіне сенсек, тері жуған су канал арқылы ағып, Көксу өзеніне құятын көрінеді. Салдарынан аймақтағы демалыс орындары да малдың өлексесіне айналған.

цех
Фото: Мирас Анитов

«Бұрындары үйге қонақ келгенде бақшада демалушы едік. Қазір далада жүрудің өзі қиын. Иіс киіміңе сіңеді. Ал, аулада кір жая алмайсың. Өйткені иіс сіңген киім тіпті киюге жарамай қалады. Көксу ауданының орталығында тұрамыз. Орталық деген аты ғана. Қараңыздаршы, көшемізде тазалық деген атымен жоқ! Малдың өлексесі мен ішек қарны аққан соң қазір өзенде балық жоқ. Жазда өз өңірімізде демалуды ұмыттық», — дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жанғазинов.

Ауласында аппақ құрт өріп жүрген өндіріс орны басшысына тұрғындар талай мәрте ескерту жасапты. Тіпті, әкімдікке де шағым айтып келген. Алайда еш нәтиже байқалмайды. Ал, кәсіп ашып, нәпәқасын тапқысы келген азамат жұмыс бастамас бұрын ресми органдардан рұқсат алдық, бәрі заңды деп отыр.

«Көршілерден рұқсат алмадық, бірақ сұрап, айттық. Осы жерден кәсіп ашайық біз, бала-шаға бағып отырмыз дедік. Бұл кісілер «сасытпай, тазалап тұрсаңыздар болды» деген. Ешқандай сасық жоқ қой бұл жерде. Шамалы ғана жағымсыз иіс бар шығар, тері ғой енді», — дейді кәсіпкер Қуаң Тұрай.

Жұрттың мазасын алған жайттан жергілікті әкімдік хабардар. Олар «кәсіпкердің жұмысына біржақты тосқауыл қоя алмайтындықтарын айтады. Дегенмен, тиісті мекемелерге арыз жазылыпты.

цех
Фото: Мирас Анитов

«Ол - жекеменшік жер. Жекеменшік жерінде ол тері қабылдай береді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мамандар бар, вестанса бар, бәріміз жұма күні келіп, бәрін тексеріп, талапқа сай ма, ауылдан қанша шақырым болу керек, соған сәйкес, қағаздарын береді, тексереді. Жабатын нәрсені жабады», - дейді Балпық би ауыл округінің әкімі Төлеген Қожабеков.

Ауасы бұзылып, алқымнан алғанда амалсыз бас көтеруге мәжбүр болған көксулықтар аталған нысанды шалғайға көшірмейінше тыныш таппаймыз деп отыр. Әзірге азаматтар талабының қашан орындалары белгісіз.

Соңғы жаңалықтар