Жетісу облысында үш күнде 3 мыңнан астам құқық бұзу дерегі анықталды

Жетісу облысында «Құқық тәртібі» іс-шарасы өтіп жатыр. Өңір полициясы өткен үш күнде 3 мыңнан астам құқық бұзу және қылмысқа қатысты оқиғаларды анықтады, деп хабарлайды Kazinform. 

Жетісу облысы ПД
Фото: Жетісу облысы ПД

«Құқық тәртібі» республикалық іс-шарасы өңірлердегі тәртіп пен талаптың сақталуы мен құқық бұзу оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ іс-шара аясында жолдардағы көлік апатын азайту, қоғамдық жауапкершілікті арттыру сияқты міндеттер де нақтыланған.

«Облыс аумағында криминогендік жағдайды сауықтыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ автожолдардағы апатты азайтуға бағытталған «Құқық тәртібі» республикалық алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Алғашқы үш күннің нәтижелері бойынша өңірде 28 қылмыс ашылды, сондай-ақ бұрын республикалық іздеуде болған бір қылмыскер ұсталды. Бұрын жасалған 14 қылмыстың беті ашылды», - дейді Жетісу облысы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасұлан Байкенов.

Тексеру нәтижесінде тәртіп сақшылары 2 879 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Сондай-ақ 56 отбасында жанжал шығарған тәртіп бұзушы жауапқа тартылды. Мұнан бөлек қоғамдық орындарды ластаудың 115 фактісі анықталған.

Сондай-ақ белгіленбеген орындарда алкоголь ішкені үшін 126 адамға айыппұл салыныпты. Осы үш күн аралығында мас күйінде автокөлік басқарған 22 жүргізуші анықталып, ұсталды. Айып тұрағына 43 автокөлік қойылып, 70 құқық бұзушы медициналық айықтырғышқа орналастырылды.