Жетісу облысында жасөспірімдер жасырын діни сабақтарға тартылған

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу өңірінің тәртіп сақшылары жасөспірімдерге заңсыз діни сабақтар жүргізілгенін анықтады.

В области Жетысу подростков втягивали в подпольные религиозные уроки
Фото: pixabay.com

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Жетісу облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен облыстық прокуратураның көмегімен жасөспірімдерді тіркелмеген діни ұйымның идеологиясына заңсыз үйретудің жолын кесті.

Облыстық полицейлер жатақхана ретінде пайдаланылған үй-жайларды тексеру барысында шетелдік діни әдебиеттер мен оқу материалдары табылғанын хабарлады.

Ұйымдастырушылардың бұған дейін қайырымдылық мекемелері мен балалар интернаты атын жамылып, заңсыз діни сабақтар жүргізгені анықталды.

Айта кетейік, биыл наурыз айында Талдықорған қалалық сотының қаулысымен аталған жалған қайырымдылық мекемелері күштеп жойылған болатын.

Тергеу нәтижесінде:

  • діни рәсімдерді ұйымдастырушы кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • тіркеусіз тұрғаны үшін төрт «ұстаз» (тәлімгер) әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • кәмелетке толмағандардың ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • бір кәмелетке толмаған бала ата-анасының басқа өңірде тұруына байланысты Бейімдеу орталығына жіберілді.

— Қазіргі уақытта болжамды ұйымдастырушылардың қызметіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады, — дейді ведомство.

Еске салайық, елордада ұлттық және діни алауыздықты қоздырған 11 азамат сотталды.

Соңғы жаңалықтар