Жетісу облысында жылыту маусымы басталғалы 101 өрт тіркелді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісуда биыл өрт оқиғасының көрсеткіші мен адам шығыны артқан. Жылыту маусымында иіс тиіп ( улы газдан) уланудың 2 жағдайы тіркеліп, 3 адам қайтыс болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде өрт жағдайларының саны артқан. 2023-2024 жылдар аралығында 89 жағдай тіркелсе, осы кезеңмен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 3%-ға артып, жылыту маусымында 101 өрт тіркелді.
- Өрт оқиғалары салдарынан 9 адам көз жұмып, 5 адам жарақат алды. Бұл көрсеткіштер де айтарлықтай өскен. Өлім-жітім 3 есе көбейсе (2023-2024 жылдары – 3 адам), жарақат алғандар саны 5 есеге артты (2023-2024 жылдары – 1 адам). Жылыту маусымында газдан уланудың 2 жағдайы тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды, - деді Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, осыған дейін жеке тұрғын үйде табиғи газ жарылып, 1 адам қайтыс болғанын жазғанбыз.