Жетісу облысында жол апатынан бір адам көз жұмды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Ескелді ауданында жол көлік оқиғасынан бір адам көз жұмды. Құзырлы орган өкілдері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын мәлімдеді.
Жол көлік оқиғасы 4 желтоқсан күні Балпық Би — Қарабұлақ автожолының 44-ші шақырымында болған. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, Mercedes автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып, қарама-қарсы бағытта келе жатқан К-700 мамандандырылған техникасымен соқтығысқан.
— Балпық би- Қарабұлақ автожолында тіркелген жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жеңіл автокөлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Көлік құралдары айып тұрағына жеткізілді. Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз, - делінген Жетісу облыстық полиция департаменті мәліметінде.
Еске салайық осыған дейін Жетісу облысында ірі жол апатынан 2 адам көз жұмып, 6 адам жарақат алғанын және Жетісуда биыл облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөндеу жұмыстарының аяқталғанын жазғанбыз.