Жетісу облысындағы электр желілерінің 80 пайызы тозған

Бүгінде Жетісу облысында 13,7 мың шақырымға жететін электр желілері бар. Ал өңірді қуатпен қамтамасыз ететін 2,6 мың қосалқы станция жұмыс істейді, деп хабарлайды Kazinform.

«KEGOC» АҚ электр қуатын реттеу бойынша Орталық Азия елдерімен 1,5 млрд киловатт-сағатқа келісімшарт бекіткен
Фото: kegoc.kz

Мамандардың есебінше, жарық көзімен жабдықтау объектілерінің тозуы 80 пайыздан асып кеткен.

Мониторинг аймақты электр қуатымен қамтып отырған монополист мекеме - «ТАТЭК» акционерлік қоғамындағы жағдай өте күрделі екенін көрсеткен. Мұндағы электр желілері мен қосалқы стациялардағы құрылғылардың тозуы 87,2 пайызды құраған.

Ал облыс билігі тиісті министрлікпен бірлесіп өңірде апатты жағдайдың алдын алуға кіріскен.

Осы мақсатта 130 мыңнан астам тұрғынды электр жарығымен қамтуға мүмкіндік беретін 47,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станция жақын арада жаңғыртылмақ. Жобаны іске асыру бойынша 11,7 млрд теңге бөлінеді.

«Биыл 47,8 шақырым электр желісі мен 3 қосалқы станция жаңғыртылады. Нәтижесінде облыстың 130 мыңнан астам тұрғыны сапалы электр қуатын алатын болады. Жалпы, 2023-2029 жылдар аралығында қуат көздеріне тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 11,7 млрд теңгеге жетеді.Нәтижесінде 7 жыл ішінде желілер мен жабдықтардың 12 пайызы жаңартылып, тозу деңгейі 15 пайызға төмендейді. Сондай-ақ, бюджет есебінен 232,5 шақырым желі мен 2 трансформаторлық қосалқы станцияның құрылысы және қайта жаңарту жоспарлануда», - дейді Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.