Жетісу облысының әкімдігі Jaidarman TOP жеңімпаздарын марапаттады
ТАЛДЫОРҒАН. KAZINFORM - «Шапалақ» командасы -Жетісу облысының алғашқы чемпиондары. Jaidarman TOP жоғары лига ойындарының 25 жылдық тарихында Жетісу облысынан шыққан алғашқы чемпиондар аймақтың мәртебесін асқақтатып, көптің назарын аударды.

Осыған орай бүгін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жеңімпаздармен кездесіп, марапаттады.

Бұл ойынға жыл сайын дәстүрлі түрде еліміздің барлық аймақтарынан 193 команда қатысып, олардың ішінен іріктелген 16 команда жыл бойы республикалық жоғары лига ойындарында өнер көрсетті.
2024 жылғы 23 қарашада өткен Jaidarman TOP жоғары лига ойындарының ақтық сайысына Талдықорғаннан «Шапалақ», Семейден «Қыздарский», Жаңаөзендік «Не хабар», Алматылық «Эверест», Оралдан «Талант», Жамбыл облысынан «Жуалы» командалары қатысты. Алты команданың ішінен суырылып шыққан жетісулық «Шапалақ» командасы 1 орынға ие болып, қанжығасы майланып қайтты. Жүлде- 50 миллион теңге.

Ал, «Шапалақ» командасының капитаны Серікбай Орынбасар финалда ерекше шеберлік көрсетіп, үздік ойыншы атанды.
Бүгінгі марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов команданың жетістігін айта келе, болашақта жеңіс тұғырынан түспеңдер деген тілек білдірді.

«Шапалақ командасының тарихын жақсы білемін. 2014 жылы құрылып, бүгінде облыстан шыққан тұңғыш чемпион болып отырсыздар. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, тәжірибелеріңіз өңіріміздегі жас командаларға үлгі, жаңа бастау, болашақ чемпиондарға жол ашады деп сенемін. Біз Жетісу облысының әкімдігі әрдайым Жайдарман қозғалысын қолдаймыз. Өздеріңіз білесіздер тұрақты түрде облыстық лига, әкім кубогі, Алакөл алаулары, республикалық басқа да турнирлер өткізіліп жүр, алдағы уақытта бірлескен жобаларымыз артады», – деді Диас Есдәулетов.
Команданың жігіттері Серікбай Орынбасарға, Мадияр Жұмабаевқа, Әли Құсайыновқа Жетісу облысы әкімінің алғыс хаттары, 1 000 000 теңгелік қаржылай сертификаттар табысталды.