Жетісу облысының білім және энергетика мамандары марапатталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірқатар сала мамандарына мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңір басшысы энергетика қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына және Тәуелсіздік күніне байланысты бірқатар ұстазға мемлекеттік марапаттар тапсырды.

- Энергетика - елдің дамуы мен өркендеуінің негізі. Экономиканың қай саласын да, тіпті халықтың күнделікті тұрмысының өзін жылу мен электрсіз елестету мүмкін емес. Сала мамандарына облыс тұрғындары атынан ризашылық білдіремін, - деді әкім.

Энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Темірбетон» ЖШС технологиялық жабдықтардың слесарь-жөндеушісі Манарбек Мұртазин ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «ТАТЭК» АҚ техникалық директоры Дәулет Илипбаевқа, «Талдықорғанжылусервис» КМК бас инженері Ақылбай Тәжиевке, «Текелі энергокешені» ЖШС қазандық турбиналық цехының бастығы Владимир Коржға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.

Сондай-ақ, Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектептің директоры Сәуле Усеноваға «Құрмет» ордені, Қаратал ауданындағы орта мектептің мұғалімдері Светлана Гончарова мен Нұрзия Рахметоваға «Шапағат» медалі, Бәтен Даниярова мен Алмагүл Малдыбековаға және Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридоноваға ҚР Президентінің Алғыс хаты табысталды.
