Жетісу жолдарында 5 автоматтандырылған таразы станциясы жұмыс істеп тұр
АСТАНА. KAZINFORM - Жетісу облысында автожолдарда автоматтандырылған салмақ өлшеу кешендерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүйе жүк көліктерін тоқтатпай-ақ өлшеуге мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның «Ақылы автомобиль жолдарының дирекциясы» филиалының өкілі Бақытжан Төлегеннің мәліметінше, өңірде қазірдің өзінде бес автоматты таразы кешені іске қосылған. Үшеуі Алматы — Қорғас тас жолында (254, 314 және 320-шы шақырымдарда), ал екеуі Алматы — Өскемен бағыты бойынша (283 және 555-ші шақырымдарда) орналасқан.
— 2025 жылдың соңына дейін республика жолдарында тағы 28 осындай кешен іске қосылады. Ал 2026 жылы олардың жалпы саны 126-ға жетеді, — деді ол.
Мамандардың айтуынша, кеніштерден шығатын көліктер ерекше назарда болады. Себебі мұндай көліктер көп жағдайда жүкті рұқсат етілген мөлшерден көп жүктеп жібереді, бұл жол жамылғысының тез бұзылуына әкеп соғады.
Айта кетейік, Жетісу облысының жол желісінің жалпы ұзындығы шамамен 4 мың шақырымды құрайды. Оның 1 034 шақырымы — республикалық маңызы бар автожолдар.
Осыған дейін Жетісу облысында заңсыз жұмыс істеген қоқыс полигоны анықталғаны туралы жаздық.