Жетісу жолдарындағы көлік апатынан 123 адам көз жұмды
Биыл ел аумағындағы жолдарда болған көлік апаты 9 пайызға көбейген. Бұл жағдай Жетісу облысында да мәз емес. Жыл басынан бері 428 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апат салдарынан 123 адам қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында 20 бала бар, деп хабарлайды Kazinform.
Жетісу облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Қайсар Мұхметовтің айтуынша, 13-19 қараша аралығында өңірде «Жол қауіпсіздігі апталығы» өтуде.
«Апталық аясында түрлі іс-шаралар жоспарланған. Мысалы «Қамқор ана», «Жолаушы – бала», «Студенттік идеялар мен бастамалар – жолдардағы қауіпсіз қозғалыс үшін», «Үздік автомектеп», «Біз өмірге сенеміз!» сияқты атаулы бағыттар жолда жүру ережесі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді насихаттайды. Сондай-ақ Дүниежүзілік көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күнінде жол полициясы қызметкерлері мен тұрғындар арасынан шыққан еріктілер қан тапсыру акциясын өткізеді. Бұл шара қоғам назарын жол қауіпсіздігін сақтауға аударып, түрлі апаттардың алдын алуға септігін тигізбек. Басты мақсатымыз көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсету және жол қозғалысына қатысушыларды ынтымақтастыққа, жүргізу мәдениетін арттыруға шақыру» - дейді Қайсар Мұхметов.
Бүгінде Жетісу өңірінде патрульдік полиция топтары тәулік бойы жұмыс істеуде. Олар 14 камералы Ekin patrol құрылғысымен жабдықталған.