Жетісуда 10 жастағы бала күнде таңертең өзенге түсіп, шынығып жүр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM- Талдықорғандық Мұстафа күн сайын таңғы уақытта өзен суына шомылады. Ата-анасы суық суға түскелі бері ұлдарының денсаулығы жақсарғанын айтса, дәрігерлер мұны мақұлдаған жоқ.

Мұстафа Досжанұлы – Талдықорған қалалық Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы. Жыл басынан бері қала іргесіндегі Сарыбұлақ саяжайына барып, өзен суына шомылады. Қыс айында мұздай суға түсіп, шынығуға апасы үйреткен. Ұлдың ата- анасы да балаларының бұл ісін құптап отыр. Айтуларынша, суық суға түскелі бері Мұстафаның денсаулығы жақсарған.
- Биыл жыл басынан бастап түсіп жүр суға. Суық сумен шынығуына апасы себепкер болды. Ол кісі ауырып, содан суық сумен емделуді қолға алған. Мұстафаға да үйретті. Суға түсудің өзінің әдістері бар. Екеуі бірге күнде ертемен өзенге барып, суға түседі. Баламның аллергиясы болған. Өзенге шомылғалы бері сап тыйылды, - деді әкесі Досжан Қыдырханов.

Дәрігерлер қыс айларында мұздай суға шомылу арқылы ағзаны шынықтырып, иммунитетті күшейтуге болатынын, ол бұлшық ет пен буын ауруын азайтып, тұмауды болдырмауына септігін тигізетінін айтты. Бірақ адамның жас ерекшелігі ескерілуі керек екен.
- 7-10 жасқа дейінгі балаларға қыс айларында суық суға шомылуға болмайды. Бұл – балалардың иммундық жүйесі және терморегуляция орталығының қалыптасу ерекшелігімен түсіндіріледі. Суық сумен контакт осы жүйелердің бұзылуына алып келуі мүмкін. Балалар үшін де, үлкендер үшін де қыс айларында суық суға шомылу біртіндеп жүйелі түрде болған дұрыс. Бірден суық суға шомылу ағзаға зиян болады, сол үшін алдымен ағзаны біртіндеп үйрету керек. Себебі суық суға шомылу шынықпаған адам үшін қауіпті. Тынысы тоқтап, есінен танып, аяқ-қолы тартылуы мүмкін, - деді терапевт дәрігер Саят Қанатұлы.
Суық су қабылдап, сергек жүретін Мұстафаның денсаулығымен қатар сабақ үлгерімі де жақсы. Осы орайда дайындықсыз және ересектердің қарауынсыз өзен, көлдерге барып суға шомылу бала өміріне қауіпті екенін де ескертеміз.
Еске салайық осыған дейін 7 жасар Амир Айдархановтың әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленгенін жазғанбыз.