Жетісуда 1147 фермердің құқығы қорғалды: прокуратура 68 млн теңгені қайтарды

АСТАНА.KAZINFORM - Жетісу облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті. Қадағалау қызметінің нәтижесінде суару суын беру қызметтері үшін төлем есептеу барысында жіберілген заң бұзушылықтар жойылып, мыңнан астам шаруа қожалығының құқықтары қалпына келтірілді.

Алматы прокуратурасы «Orda» сайтының бас редакторына ескерту жасады
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Қазсушар» РМК өңірлік филиалы тарапынан аграршылардан суару суы үшін 100 пайыз көлемінде төлем талап етілгенін анықтады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет суармалы егіншілікке пайдаланылатын су шығындарының бір бөлігін субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау тетігін қарастырған. Алайда 2025 жылға арналған 68 млн теңге көлеміндегі субсидиялардың уақтылы төленбеуіне байланысты аталған сома өңірлік филиал тарапынан фермерлердің берешегі ретінде негізсіз есепке алынып, толық көлемде өндірілген.

Нәтижесінде облыстағы 1 147 шаруа қожалығына қосымша қаржы жүктеліп, олардың заңмен кепілдік берілген мемлекеттік қолдау шараларын алу құқықтары шектелген.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылды. 1 147 шаруашылықтың құқықтары қалпына келтіріліп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бұрын негізсіз өндірілген 68 млн теңге қайтарылды. Қаражаттың бір бөлігі фермерлердің өтініштері негізінде 2026 жылғы суару маусымына арналған төлем ретінде есепке жатқызылды.

-Жетісу облысының прокуратурасы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделеріне нұқсан келтіретін заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады,-делінген хабарламада.

Шымкентте прокуратура араласқаннан кейін инвесторға жер учаскесі берілді.