Жетісуда 2024 жылы 700 келіге жуық есірткі тәркіленді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Өткен жылы Жетісу облысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 148 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Сотқа 93 қылмыстық іс жолданып, 78 адам сотталды.
Жетісу облысының есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы өңірде 2024 жылы есірткі сақтау бойынша — 48 адам оның ішінде ірі көлемде сақтаған 17 адамның ұсталғанын мәлімдеді.
Анықталған 82 қылмыстың 53-і есірткіні өткізуге байланысты, 1 — контрабанда, 5 — заңсыз жарнама және тыйым салынған өсімдіктерді өсіру бойынша -10 қылмыс. Жедел іс-шаралар барысында 700 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.
— 235 келіден астам марихуана, 10 келі гашиш, 66 келі синтетикалық есірткі, 385 келі қарасора өсімдіктері. Үш ірі зертхана жойылды. Онда 60 келіден астам синтетикалық есірткі, 700 литр прекурсор және арнайы жабдықтар тәркіленді. Сондай-ақ, құрамында 5 кәмелетке толмаған бала бар екі қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Сотқа 93 қылмыстық іс жіберіліп, 78 адам сотталды. Бұдан бөлек, 74 азамат есірткіге тәуелділіктен емдеу курсынан өтті, — деді Жетісу облыстық полиция департаменті өкілдері.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қоғам қауіпсіздігі үшін есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қандай да бір ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуды сұрайды. Еске салайық осыған дейін Талдықорғанда жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпар берген азаматтың 2 жыл 6 айға сотталғанын жазғанбыз.