Жетісуда баласына алимент төлемей жүрген борышкерлер 150 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген

алимент
Фото: Freepik

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу өңірінде 50 азамат үнемі құмар ойынын ойнап (интернет-казинолар, букмекерлік кеңселер), оған 150 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Ал олардың баласына төлемей қашып жүрген 60 млн теңге алимент қарызы болған. 

Мәселен, Талдықорғанда жарты миллион теңге алимент берешегі бар борышкер Д. онлайн букмекерлік кеңседегі есепшотын 52 миллион теңгеге толтырған.

Прокурорлардың жүргізген талдауы бойынша әділет департаментіне борышкерлерге қатысты шара қолдану жөнінде ұсыныс енгізілді.

Жалпы, жыл басынан бері Жетісу облысының прокурорлары 87 баланың берешек алименті бойынша 63 миллион теңге қарыздың орнын толтыруға қол жеткізді.

144 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды (116 адам қамауға алынды және 28-іне айыппұл салынды).

9 тұрақты төлемеуші тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар