Жетісуда департамент басшысы электр қуаты тарифін көтеру үшін пара алған
АСТАНА. KAZINFORM — Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы 500 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді.

— Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы әшкереленді. Шенеунік 2025 жылға арналған электр энергиясының тарифі мен тарифтік сметасын көтергені үшін «Талдықорған акционерлік көлік-электржелілік компаниясы» АҚ басшысынан 500 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілерінің, оның ішінде жоғары лауазымды адамдар арасында жолын кесу жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Қабылданған шаралар мен тетіктер кешені қойылған міндеттерді тиімді іске асыруға және заңдылықтың бұзылуына уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі құжатты қабылдағанын жазған едік.