Жетісуда қайтарылған активтер қаражатына 29 нысан салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Жетісу облысының Рудничный ауылында жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов катысты.
Жаңа білім беру орны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы негізіндегі мемлекетке заңсыз шығарылған активтердің қайтарылған қаражат есебінен салынды.
Мектеп құрылысының тарихы 2025 жылы Бас прокурор Берік Асылов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев болашақ мектептің іргетасына естелік капсула салу рәсімінен басталды.
Жобаның құрылысы прокуратураның бақылауында болды.
Жаңа мектеп салу қажеттілігі 1970 жылдары салынған қолданыстағы ғимараттың жағдайына және оның қазіргі заманғы білім беру үдерісіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты туындады.
Мектептің ашылуы активтерді мемлекетке қайтару және оларды әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға бағыттау жөніндегі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті. Өткен жылы салынған естелік капсула бүгін заманауи білім беру нысанына айналған жобаның басталуын айғақтайтын негізіне айналды.
Жетісу облысында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жалпы құны 41,9 млрд теңге болатын 29 әлеуметтік және коммуналдық мекемелер салынып, қайта жаңғыртылып жатыр.
Олардың қатарында 21 денсаулық сақтау, 4 сумен жабдықтау және 4 білім беру нысандары бар. Бүгінде, олардың 23-нің құрылысы аяқталды, тағы 6-ы бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Аталған жобаларды іске асыру әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетелік Ұлытауда қайтарылған активтер қаржысына жаңа мектеп салынған еді.