Жетісуда Сарқан ауданы білім бөлімінің бас бухгалтері қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысы Сарқан ауданы білім бөлімі бас бухгалтері ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, ресми өкіл Данияр Бигайдаров мәлім етті.

«Агенттік білім беру саласында 206 қылмыстық істі тіркеді. Олар бойынша залал 14 млрд теңгеден асты. Жалпы, жымқырудың ең үлкен сомасы Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында анықталды. Жымқыру фактілері анықталуда. Жақында Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасының қатысуымен Сарқан ауданы білім бөлімі бас бухгалтерінің заңсыз қызметінің жолын кесті», - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Ол Білім бөлімі бухгалтерлерінің шотына артық белгіленген жалақыны заңсыз аудару жолымен аса ірі мөлшерде 1 млрд теңгеден астам сомада бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінді. Тергеу әрекеттері барысында 156 млн теңге сомасында ақшалай қаражат табылып, тәркіленді. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды», - дейді ол.