Жетісуда тағы 5 ауылға газ берілді: 302 үй табиғи газға қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының Панфилов ауданындағы бес ауылға 52,8 шақырым газ құбыры тартылып, табиғи газды іске қосу рәсімі өтті. Нәтижесінде 302 үйді газбен қамтуға мүмкіндік туды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

Жетісуда тағы 5 ауылға газ берілді: 302 үй табиғи газға қосылады
Фото: Энергетика министрлігі

Панфилов ауданындағы Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Керімағаш және Сарпылдақ ауылдарын газдандыру жұмыстары аяқталып, табиғи газды бастапқы қосу рәсімі жүзеге асырылды. Нәтижесінде 302 үйді газбен жабдықтауға мүмкіндік жасалды.

Жетісуда тағы 5 ауылға газ берілді: 302 үй табиғи газға қосылады
Фото: Энергетика министрлігі

Жаңа тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету үшін 52,8 шақырым газ құбыры тартылып, бір газ реттеу пункті және бес шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Газбен жабдықтау көзі ретінде Панфилов ауданында орналасқан «Жаркент» автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдаланылды. Оның қуаты қосылған үйлерді сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Керімағаш және Сарпылдақ ауылдарын газдандыру Жетісу облысының газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Жалпы, жыл басынан бері Жетісу облысында Кербұлақ ауданының тоғыз елді мекені газдандырылды.

Мемлекет басшысының елді газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Энергетика министрлігімен, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ тарату инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.

Жыл басында халықты табиғи газбен қамту деңгейі 64,2 пайызды құраған еді. Бірнеше ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аталған көрсеткішті 80 пайызға жеткізу міндетін қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін салаға қандай реформа қажет? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолу мақаласынан оқыңыз.