Жетісу облысында теміржол бойындағы құқық бұзушылықтар артып барады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында жыл басынан бері теміржол көлігі нысандарында 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Негізінен белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өту деректері анықталған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Мәліметке көз жүгіртсек, осы уақытқа дейін 111 адам жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен.
Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының бірі ретінде Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында «Өзіңді сақта» акциясы өтті. Онда полицейлер тұрғындармен және мектеп оқушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін еске салды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары мал иелеріне де арнайы үндеу жасап отыр.
Үштөбе станциясындағы ІІМ Көліктегі полиция департаменті транспорттағы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Мирас Нұрасылдың айтуынша, халық арасында жүргізілетін профилактикалық жұмысқа ерекше назар аударылады.
– Біз тұрғындармен, соның ішінде мал иелерімен түсіндіру әңгімелерін өткіземіз. Түнгі уақытта малды еркін жайылымға жібермеуді және оларды бақылауда ұстауды сұраймыз. Бұл қауіпті және ауыр салдарға әкелуі мүмкін, – деді ол.
Полиция өкілдері теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтау әр азаматтың міндеті екенін де еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында темір жол бойында адам мәйіті табылғаны хабарланған еді.