Жетісуда жылдар бойы дизель ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысы, Алакөл ауданында қылмыстық топ құрықталды. Олар бірнеше жылдар бойы тепловоздардан жанар- жағармай ұрлап келген. Қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды.

Алматы
Фото: Polisia.kz

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасы және «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-мен бірлесіп, Жетісу облысының Бескөл станциясында тепловоз машинистерінен құралған қылмыстық топты құрықтады.

Тұтқындалғандар бірнеше жыл бойы пойыз диспетчерлерімен қылмыстық келісімге келіп, тепловоздардан жанар-жағармай материалдарын құйып алу арқылы дизель отынын ұрлаған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ ұрлықтың 45 эпизодында әшкереленіп, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға 16 млн теңгеден астам сомаға залал келтірді. Жетісу облысы Алакөл ауданының № 2 аудандық сотының үкімімен қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды» — делінген Көліктегі полиция департаменті таратқан мәліметте.

Еске салайық бұған дейін Жетісуда 100-ден астам адам «банк қызметкерлеріне» алданғанын  және Жетісу облысында кәсіпкер еш жерден рұқсат алмай балалар шығармашылық орталығын құрғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар