Жетісудағы Қаратал өзенінің арнасынан құм-қиыршық тас заңсыз өндірілген
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында Қаратал өзенінің арнасынан құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру фактісі анықталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысы Табиғатты қорғау полициясы мен Ескелді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген рейд барысында табиғи материалды заңсыз өндіріп, тиеу фактісін анықтаған.
— Оқиға орнында құм-қиыршық тас өндіруге пайдаланылған арнайы техника, оның ішінде трактор-тиегіш ұсталды. Жиналған материалдар заңнамаға сәйкес шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданады, — дейді тәртіп сақшылары.
Полиция заңсыз табиғат пайдаланудың қоршаған ортаға зиян келтіретінін және жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Бұған дейін кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруді кім бақылайтыны нақтыланды.