Жетісудан Батыс Қазақстанға дейін: 13 тамызда партиялар өңірлерде қандай жұмыстар атқарды
АСТАНА. KAZINFORM — 13 тамыздағы сайлауалды күн партиялардың дәстүрлі кездесулерден шығып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, медицина, әлеуметтік қолдау және экология мәселелерін тікелей көтергенін көрсетті. Үміткерлер зауыттар мен егістіктерде, медициналық және әлеуметтік нысандарда, сондай-ақ тұрғындармен кездесулерде нақты мәселелерді талқылады.
«Әділет» партиясының республикалық штабы партия лидері Айбек Дәдебаймен бірге Жетісу облысында бірқатар кездесу өткізді. Талдықорғанда энергетикалық инфрақұрылымға арналған бөлшектер шығаратын «DENK» ЖШС зауытында импортқа тәуелділікті азайту және отандық өндірушілер үшін қосылған құн салығын қайтару рәсімін жеңілдету мәселелері талқыланды. Ескелді ауданындағы қызылша алқабында аграршыларды қолдау шаралары сөз болды. Одан кейін штаб Алматы облысындағы жұмысын жалғастырды. «Galanz Bottlers» АҚ кәсіпорнында бизнестің жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі талқыланды. Қонаевта жұмыспен қамту, инфрақұрылым, бизнеске түсетін салық жүктемесі және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қоғам өкілдерімен кездесу өтті.
Орал қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кандидаты Анаргүл Әбенова аутизм спектрі бұзылған және ДЦП диагнозы бар балаларды қоса алғанда, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен кездесті. Қатысушылар медициналық көмек, оңалту және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін, соның ішінде аз қамтылған отбасыларға тегін қызмет көрсететін ірі оңалту орталығын құру мүмкіндігін талқылады. Ақмола облысының Бұланды ауданында кандидаттар Ілияс Жанғали мен Ару Алшынбай Макинск тұрғындарымен ашық диалог өткізді. Кездесуде жолдар, сумен жабдықтау, медициналық қызмет пен білімнің қолжетімділігі, жастар мен зейнеткерлерді қолдау мәселелері көтерілді.
«Байтақ» партиясы экологиялық бағыттағы бірнеше іс-шара өткізді. Кандидат Сәуле Қамытбекова ArayDent стоматологиялық клиникасының ұжымымен кездесті. Қатысушылар қоршаған ортаның ластануының ауыз қуысының денсаулығына ықтимал әсерін талқылады. Ақтөбе облысында партия бизнес өкілдері мен экологтардың қатысуымен ағын суларды тазарту және қайта пайдалану технологияларына арналған дөңгелек үстел өткізді. Алматыда кандидат Владимир Мартель № 80 мектептің педагогикалық ұжымымен кездесті. Кездесуде экологиялық тәрбие және мұғалімдерді әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ партия Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қарағанды облысының Глубокое ауданында, Теміртауда, сондай-ақ Шымкентте тұрғындармен кездесулер өткізді.
Астанада Қазақстанның Халық партиясының «Әлеуметтік Қазақстан» атты алғашқы конгресі өтті. Онда партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сөз сөйледі. Ол социализмді тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жолы ретінде қарастыратынын, ал қоғамның әділдікке деген сұранысын ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасын арттырумен байланыстыратынын атап өтті. Шымкентте кандидаттар қалалық № 2 аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті. Қатысушылар дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуметтік қамсыздандырылуын талқылады. Кандидат Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты пікір білдіріп, ЖСДП бағдарламасының тиісті бөлімін сынға алды. Партия Жамбыл, Абай, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы еңбек және медицина ұжымдарымен де кездесулер өткізді.
Халықаралық жастар күніне орай «Ауыл» партиясы 350-ден астам адам қатысқан «Таза Ауыл» экологиялық іс-шарасын өткізді. Оған партия төрағасы Қайрат Айтуғанов та қатысты. Қатысушылар Қайнар-Бөржар бұлағының маңын тазалады. Партияның мәліметінше, сайлауалды науқан аясында еліміздің өңірлерінде осындай 100-ге жуық акция өткізілген. Маңғыстау облысында партияның жас белсенділері Каспий теңізінің жағалауында акция ұйымдастырды.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған делегация Абай облысындағы «Семей цемент зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды. Сол күні партия өңірлерге қатынайтын пойызын жолға шығарды. Алғашқы аялдама Павлодар станциясында болды. Онда Дания Еспаева мен штаб мүшелері жолаушылармен ашық диалог өткізді.
«Respublica» партиясының өкілдері Оралдағы «Кублей» ЖШС ет өңдеу кәсіпорнына барды. Партия 2023 жылғы оқиғаны еске салды. Сол кезде оның басшылығының өтініштерінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық талаптарды қайта қарап, кәсіпорынның жабылу қаупіне қарамастан жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берген болатын. Сондай-ақ Оралда партия өкілдері 70 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «ОралАгроРеммаш» АҚ машина жасау зауытының ұжымымен кездесті. Кездесуде өнеркәсіпті қолдау, салық реформасы және кадр саясаты талқыланды. Түркістанда партия өкілі медициналық кешен салуға шамамен 9 млрд теңге жеке инвестиция тартылғанын хабарлады.
Осылайша, 13 тамыздағы сайлауалды науқан кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы нысандарындағы кездесулерден бастап экологиялық акциялар, ашық диалогтар мен партиялық конгреске дейінгі түрлі форматта өтті. Күн бойы науқанға қатысушылар өндіріс, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, медицина, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және экология мәселелерін талқылады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдағанын жазғанбыз. Тоқаев сайлауды ашық әрі тең жағдайда өткізуді тапсырды.