Жетісудың көшбасшы жастары марапатталды

Жетісу облысында «Көшбасшы – 2023» жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Облыс әкімінің үздік жастарға арналған арнайы жүлдесі биыл жиырмасыншы рет тапсырылды, деп хабарлайды Kazinform.

жастар
Фото: Жеңіс Ысқабай

Дәстүрге айналған байқауға қатысушылар легі де жыл сайын артып келеді екен. Биыл 114 үміткер өтініш қалдырыпты. Бұл жолы 10 аталым бойынша өз саласында үздік атанып, көш бастаған жастар анықталып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Айта кетейік, биыл байқауға алғаш рет «Үздік оқушы» аталымы енгізілді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесулерінде маңызды үш бағыт ретінде терең білім, еңбекқорлық пен отаншылдық қасиеттерін жиі айтады. Расында да ойы озық, білімі мол, адал еңбекті серік еткен, креативті, инновацияға бейім елжанды жастар – қоғамның қозғаушы күші. Өңірде жастардың лайықты білім алуына, жұмыспен қамтылуына, рухани тәрбие мәселесіне үлкен мән беріліп, бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Көшбасшы» жастар сыйлығы. Жалпы өңірімізде 14 пен 35 жасқа дейінгі 188 мыңға жуық жас болса, солардың қатарынан 10 номинация бойынша әртүрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген жастар бүгін үздік атанып отыр. Жалпы қоғам, соның ішінде жастарымыз бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі ізденісте болуы керек. Жастар сөзге емес, іске үйір болса қоғам үшін тигізетін пайдасы мол болмақ. Әсіресе, волонтерлықта, қоғамдық бірлестіктерде, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарда белсенді жастарды көргенде қуанамыз. Өйткені, жаңарған Қазақстанды құруда азаматтық ұстанымы айқын, өз үні, өз көзқарасы бар, отаншыл жастардың рөлі зор, – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Сонымен Жетісу облысының биылғы «Үздік жас кәсіпкері» болып «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Панфилов аудандық филиалының директоры Ерлан Нарынбаев, «Үздік жас дәрігер» аталымы бойынша Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Алтынай Кудерова, «Білім және ғылым саласының үздігі» аталымы бойынша Жетіжал орта мектебінің директоры Әділет Нұрғалиев, «Үздік жас журналист» аталымы бойынша «Жетісу» телеарнасының шығарушы-редакторы Аяулым Сансызбаева жеңімпаз атанды.

Ал халықаралық дәрежедегі «спорт шебері» Исхар Курбаев «Үздік жас спортшы», Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Жетісу» туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нуриев «Үздік жас қоғам белсендісі», І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4 курс білімгері Арайлым Жайлаубаева «Үздік студент», Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Ақшолаков «Мәдениет саласының үздігі», Талдықорған қаласының №4 орта мектебінің оқушысы Аяжан Ықсан «Үздік оқушы» және Көксу ауданындағы Сырымовтар әулеті «Үздік жас отбасы» атанды.