Жетісудың Шажа өзенінде қырылған балық: Сараптама нәтижесі шықты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында қырылған өзен балықтарына қатысты зерттеу нәтижесі шықты. Қабыршақты осман паразиттерден аман екен. Мамандар су жәндіктерінің жаппай өлуіне басқа да себептер болуы мүмкін екенін айтады.
Биыл қазан айының басында Шажа өзеніндегі балықтар (қабыршақты осман) белгісіз себептермен қырыла бастаған. Өзен жағалауы өлексеге толып, жетісулық белсенділер мен тұрғындар дабыл қаққан еді.
Облыстық ветеринария басқармасы мен Қаратал балық инспекциясы өкілдері бірлесіп, өзен жағалауында шашылып жатқан балық өлексесі мен тірі шабақтарды жинап, радионуклидке және паразитологиялық көрсеткіштерге зерттеуге алған.
Оның қорытындысы балықтардың мұндай ауруларға ұшырамағанын көрсетті.
— Жетісу облысы Ескелді ауданы аумағында орналасқан Шажа өзеніндегі шығынға ұшыраған балық өлекселерімен тірідей ұсталған балықтардан жалпы көлемі 3 келі патологиялық материал Республикалық ветеринариялық зертхананың Жетісу облыстық филиалына жіберіліп, 18 қараша сараптама актісі негізінде радионуклидке және паразитологиялық көрсеткіштерге теріс нәтиже көрсетті, — делінген құжатта.
Мамандар зерттеу жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын айтады.
— Бүгінгі таңда балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы гидрохимиялық көрсеткіштерді анықтауға арналған су сынамасына зерттеу жүргізді. Нәтижесінде су ортасы балықтың тіршілігіне жарамды болып шықты. Бактериологиялық және вирусологиялық ауруларға арналған зерттеулерді Микробиология және вирусология институты жүргізеді, нәтижесі кейінірек жарияланады. Шажа өзенінде қабыршақты өсман қырылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін бұл жағдай қайталанған жоқ, — дейді Жетісу облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.
Еске салайық бұған дейін Жетісудағы Шажа өзенінде балықтардың қырылып жатқанын жазғанбыз.