Жетісулық 250 оқушы өңірдегі көрнекті орындарға экскурсиялық сапарға аттанды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM –  1 – маусым халықаралық балалар күніне орай жетісулық 250 оқушы өңірдегі көрнекті орындарға экскурсиялық сапарға шықты. Атап айтқанда, балалар Кербұлақ ауданында ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды мұражайын, Үштөбе қаласында ашылған Қаратал өлкетану мұражайын, Ақсу ауданындағы Ақын Сара мұражайын тамашалап, табиғат кереметі Тамшыбұлақпен танысады. Сондай-ақ Талдықорған қаласындағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына, Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайына экскурсиялар жасайды. 

көректі жерлерді аралауға аттанды
Фото: Жеңіс Ысқабай

Жалпы, облыста биыл жазғы демалыс шараларына 102 мыңнан астам бала қатысады. Олар мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалып, түрлі танымдық, интеллектуалдық, сауықтыру бағдарламаларына тартылмақ. 

Бұдан бөлек, қала әкімі Ернат Бәзіл талды қаланың балдырғандарын төл мерекелерімен құттықтады. Мерекеге орай, «Атамекен» көрме кешенінде балалар арасында шахматтан жарыс өтті. Оған әр мектептен 200-ден аса бала қатысты. Сондай-ақ үстел теннисі, тоғызқұмалақ және қол күрестен тартысқа толы сайыс ұйымдастырылып, жарысқа қатысқан барлық балаға тәтті балмұздақ таратылды. 

Бұдан бұрын біз Президенттің балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту тапсырмасы қалай орындалып жатқаны жайлы жазып едік.