Жетісулық блогер кәсіпкерден ақша бопсалаған
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Үштөбе қаласында полиция қызметкерлері жергілікті блогерді ұстады. Ол кәсіпкерден 10 млн теңге бопсалады деген күдікке ілінді.

Жетісу облыстық полиция департаментінің дерегінше, блогер үй салумен айналысатын кәсіпкерден сапасыз құрылыс жайында түсірілген видеожазбаны әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін кейін де оған қатысты бейнематериалдарды жарияламауға, таратпауға уәде бере отырып, 10 млн теңге бопсалады деп күдікке ілінген.
— Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 195-ші бабы, 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды, — деді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық осыған дейін мемлекет қаржысын жымқырған мектеп директорына қатысты сот үкімі шыққанын жазғанбыз.