Жетісулық шаруалар қызылшаны зауытқа өткізу үшін тәуліктеп кезекте тұр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысындағы Көксу қант зауытының алдында ұзын-сонар кезек басталды. Алыс-жақын аудандардан келген шаруалар тәулік бойы кезекте тұрып, қант қызылшасын әрең өткізіп жатыр. Олар жағдай осылай жалғаса берсе күздің қара суығында өнімді үсітіп аламыз ба деп алаңдайды.
Көксу қант зауытының алдындағы кезек жиын-терін басталған қыркүйек айынан бері өзекті мәселе болып тұр. Шаруалар бастапқыда 3-4 сағатқа созылған кезек, бүгінде 2-3 тәулікке ұласқанын айтып шағымдануда. Облыстық фермерлер қауымдастығы төрағасы қант зауыттары өнімді қабылдауды созған сайын шаруалардың шығыны артып жатқанын айтады. Мәселен, тәтті түбірді тиеп әкелген жүк көлік иелері кезек күткен уақытына байланысты қызмет құнын 2 есе өсіріп жіберген.
«Қазір шаруаларымыз жинап алған өнімін 2-3 тәулік дегенде әрең өткізіп жатыр. Олар бұған өте наразы. Ала жаздай өсірген өнімді үсіріп аламыз ба деген қауіп бар. Сондықтан кей диқандарымыз өнімді егін алқабына үйіп, үсіктен қорғау үшін көміп жатыр. Фермерлер қауымдастығының атынан облыс әкіміне хат жолдап отырмыз. Өңір басшысынан Жамбыл облысының қант қызылшасын қабылдауды уақытша тоқтата тұруын, зауыттардың өнімді қабылдау көлемін арттыруды сұраймыз»,- дейді Жетісу облыстық фермерлер қауымдастығының төрағасы Асқар Шәріпов.
Ал кәсіпкерлер өнім қабылдауда туындаған қиындықтарды зауыт алаңы толып кетуімен байланыстырды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Н. Кененбаев пен қос зауыттың директоры енді көлік кептелісі болмайды деп сендірді. Олар бұл мәселені аудандардың арнайы кезегін жасау арқылы шешетіндерін айтты. Сондай-ақ, «Көксу» зауыты бүгінгі күнге дейін күніне 3 мың тонна өнім қабылдаса, енді 4 мыңға дейін көбейткен.
«Көксу зауытына осыған дейін күніне 150-160 машинаға дейін, яғни 3 мың
тоннаға дейін қабылдадық. Қазір бүгінге дейін кагат алаңында жатқан 140 мың тонна өнімді өңдеуге кіргізіп жатырмыз. Дегенмен алаңдар бірден босай қоймайды, орнын тазалау жұмыстары жүреді. Қосымша жер дайындап жатырмыз, бұйырса 4 мың тонна қабылдауға көшеміз, - деді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
«Бүгінгі күні Ақсу зауытына 210 мың тонна қант қызылшасы кірді. Қазанның 22-сіне дейін күніне 300 машинадай қабылдағанбыз, қазір кагат алаңының толуына байланысты күніне 160-170 машина кіруде. 25 қазаннан бері Жамбыл облысынан қызылша қабылдау тоқтатылды. Қазір Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шаруашылықтарынан қызылша қабылданып жатыр. 1 қарашадан кейін Талдықорған өңірінен өнім қабылдаймыз, - деді Ақсу қант зауытының директоры Самат Нәдірбаев.
Жалпы, биыл Жетісу облысында 13 700 гектарға тәтті түбір егілген. Қазір шаруалар гектарынан 472 центнерден өнім алып отыр. Сала мамандарының есебінше, 615 мың тонна қант қызылшасы жиналады. Тәтті түбірді түгел қараша айының 20-сына дейін жинап алу жоспарланып отыр. Еске салайық осыған дейін Жетісулық жүгері өсірушілердің жанайқайын жазғанбыз.