Жетісулық соғыс ардагері 100 жасқа толды

Жетісулық ардагер
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Облыс орталығында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Ысқақ Құсайынов 100 жасқа толды. Ардагерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы құттықтады. 

Ардагерге игі тілегін білдірген М. Көлбаев облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолы қойылған құттықтау хатты мерейтой иесіне тапсырып, иығына шапан жапты, естелік сыйлықтар табыс етті. Облыс әкімінің құттықтау хатында ардагердің әскери және кәсіби еңбегі атап өтіліп, туған жердің игілігі жолындағы көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтылған. 

«Өзіңіздей Отан алдындағы әскери борышын адал атқарған, еселі еңбектің жемісін көрген азаматтарды біз ұрпаққа әрдайым үлгі етеміз. Сіздің ерлік істеріңіз, жемісті қызметіңіз, адами қасиеттеріңіз – бәріміз үшін тәлімді де тағылымды жол», - деп жазылған құттықтау хатында.

Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылы Көлбай ауылында дүниеге келген. Ол 18 жасында соғысқа өз еркімен аттанды. Украина майданында және Амур флотының Зенит дивизиясында ұрысқа кірді. Әскери қызметі үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болды. Кейін Кеңес-Жапон соғысына қатысып, 1947 жылы елге оралды, шаңырақ көтеріп, біраз уақыттан соң Лепсі педагогикалық училищесіне оқуға түсті. Оқуды аяқтаған соң 40 жылға жуық өмірін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады.

ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және Еңбек Қызыл Ту ордендеріне, Жуков, «Еңбек ері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарына, басқа да бірқатар елеулі марапатқа ие болды. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, бірқатар мектеп оқулығының авторы.

Ысқақ Әбілпейісұлының зайыбы Бақыш Нұратаева да ұзақ жыл мектеп мұғалімі болды. Қызы мен немересі өздерінің жолын қуып, білім саласында еңбек етті. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 26 шөбересі, 3 шөпшегі бар. 

Еске салсақ, Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов пен Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл ардагерге арнайы барып, Ысқақ Әбілпейісұлын мерейтойымен құттықтап қайтқан болатын.

Жалпы өткен жылы Ысқақ Құсайыновқа облыс орталығындағы жаңа шағын ауданнан бір бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Тағы бір атап өтерлігі, 2023 жылы 8 адамға Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмек беруге бюджеттен 12 миллион теңге, яғни, әр ардагерге 1,5 миллион теңгеден бөлінді. Сондай-ақ соғыс ардагерлері тұрақты түрде санаториялық-курорттық еммен тегін қамтылып, коммуналдық шығындары өтеледі. 

Соңғы жаңалықтар