Жезқазған қаласындағы «Ана үйі» - отбасы жылулығын сыйлайтын мекен

АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздің әр өңірінде құрылған «Ана үйлерінде» 12 жыл ішінде 8 мыңнан астам әйел мен 8 500 бала қолдау тапты. Қайырымдылық жобасы демеушілер мен меценаттардың қолдауымен қоғамдағы әлеуметтік жетімдікті жоюға көмектеседі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

 Ана үйі
Фото: Айзада Агильбаева

«Ана үйі» қоғамдық қоры өз жұмысын 2013 жылы Айдын мен Анар Рахымбаевтардың басшылығымен бастаған. Бұл идея қазақстандық бизнесмендер тарапынан қолдау тапты. Қордың мақсаты - әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, ата-анасы бас тартқан балалардың санын қысқарту және қиын өмірлік жағдайда балаларымен баратын жері жоқ аналарға көмек көрсету.

 Ана үйі
Фото: Айзада Агильбаева

Бүгінде Қазақстанның 18 қаласында 21 үй жұмыс істейді. Олардың бірі Жезқазған қаласында орналасқан. Ол 2016 жылы ашылды. Сегіз жыл ішінде мұнда 150 әйел мен 165 бала қолдау тапты. Қазір үйде бес бала мен төрт әйел тұрады. Өткен жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілік етіп, үйде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Енді жайлы әрі кең үй жаны жабырқаулы жандарға отбасылық жылуды сезінуге мүмкіндік береді.

- Қазір бізде бір баласы бар келіншек тұрады. Оның жеке куәлігі, ал баланың туу туралы куәлігі жоқ. Сәйкесінше, ол босанғанға дейінгі де, босанғаннан кейінгі де төлемдерін алмаған. Енді біздің міндетіміз - мемлекеттен төленетін барлық әлеуметтік жәрдемақыларды ресімдеуге және құжаттарды қалпына келтіруге көмектесу, - дейді «Ана үйі» ҚҚ-ның облыс бойынша өңірлік маманы Гүлнар Бірманова.

2020 жылдан бастап Ұлытау облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Аналар үйінің» меценаты болып табылады. Осы қолдаудың арқасында мұнда баспана мен көмек іздеушілер үшін жайлы орта қалыптасқан. Оларға киім-кешек пен ойыншықтар беріледі, сәбилерді күту үшін барлық қажетті заттар бар. Мереке күндері корпорация балалар мен олардың аналарына сыйлықтар табыс етеді. Алайда, олар да қол қусырып отырмайды. Жазда қыздар үйдің айналасына көкөніс отырғызып, қайнатпалар дайындайды.

Ана үйі
Фото: Айзада Агильбаева

Сондай-ақ, жанашыр кәсіпкерлер Ана үйіндегі тұрғындарға түрлі тегін шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Қыздар аспаздық, мобилография, шаштараз ісі, бухгалтерлік есеп және басқа да дағдыларды игереді. Жұмысқа орналасуға да көмектеседі, бұл әйелдерге әрі қарай өз бетінше өмір сүруіне көп септігін тигізеді.

- Өткен жылы бізде екі қыз тұрған. Біз оларды жұмысқа орналастыруға көмек көрсету үшін «Қазақмысқа» жүгіндік. Басшылық біздің өтінішімізді жерге тастамады - оларды жұмысқа алды. Тағы бір қызға «Ютария» компаниясынан жұмыс табылды. Біз осы компаниялардың басшыларына өте ризамыз. Қамқорлығымыздағы қыздар осында тұрып жатқанда, болашақта қажет болатын қаражаттарын жинап алуға тырысады, - дейді Гүлнар Бірманова.

Негізінен, Ана үйі қамқорлығындағы адамдар несиеге белшесінен батқан, олардың көбінде карталары бұғаттаулы. Сондықтан «Ана үйінің» қызметкерлері мен басшылығы әйелдерге қаржылық сауаттылықты игеруге және болашаққа қандай да бір ақша жинауға көмектеседі.

- Бізге келген кейбір қыздарда тіпті АӘК ресімделмеген. Біз барлық құжаттарды жинап, тиісті органдарға тапсыруға көмектесеміз. Болашақта біз оларды тұрғын үйді жалға алу үшін ең болмағанда бастапқы сома жинап алуға үйретеміз. Олар көбінесе бірігіп пәтер жалдайды, - дейді Гүлнар.

Ана үйі
Фото: Айзада Агильбаева

Сағдат Ханжарова - Ана үйінің тұрғыны. 18 жасында бойжеткен жүкті болып қалған. Өз үйі болмағандықтан, оған Гүлнар Бірманова Жезқазғандағы «Ана үйінде» тұруды ұсынған. Сағдат бірден келістім дейді. Біраз уақыттан кейін ол ұлды болған. Қазір ол мобилографияны меңгеріп, университетте оқиды.

- Менің ойымша, мұндай үйлер әйелдер үшін өте қажет. Басында мен ұялып, кімнен кеңес пен қолдау сұрайтынымды білмедім. Маған «Ана үйінде» тұруды ұсынғанда, бірден келістім. Осы жерде ұлымды дүниеге әкеліп, түрлі дағдыларды игере бастадым. Бізге аспаздық пен мобилография бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Сондай-ақ маған құжат жинап, университетке түсуге көмектесті. Менің ойымша, болашақта өзімді де, баламды да қамтамасыз ету үшін аяғыма нық тұра аламын, - дейді Сағдат Ханжарова.

Қордың басты мақсаттарының бірі - әйелдерге қоғамға бейімделуге мүмкіндік беру және балаларды қалыпты жағдайда тәрбиелеуге көмектесу. Қор көптеген сәбиге отбасылық жылу сыйлау үшін балалар және сәбилер үйлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

- Мен бұл жерге спирттік ішімдікке салынып кеткендіктен түстім. Комиссияда маған екі жол ұсынды: не ата-ана құқығымнан айырады, не балаларыммен «Ана үйіне» барып, түзелуге тырысамын. Сол кезде менің егіздерім «Сәбилер үйінде» жарты жыл тұрып жатқан еді. Мен оларды сол жерден алып, осында келдім. Ана үйі өте жақсы және балаларым жылдам дами бастады. Барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді. Енді дұрыс өмір сүруге тырысамын және балаларымды тәрбиелеймін, - дейді Елена (аты өзгертілген).

Қыздар мұнда түрлі жағдаймен келеді, өмірде жасалған қателіктерді түзетуге болатынын түсінеді. Өйткені кез келген бала үшін ең жайлы жер - отбасы.

Соңғы жаңалықтар