Жезқазған қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылуы мүмкін

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі (НЗМ) ашылуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жезқазған қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылуы мүмкін

Жезқазғанда мектеп ашу жоспары туралы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық ұйымымен әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қою салтанатында  Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, мектеп ашу жоспары әзірге ұсыныс қана.

НЗМ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова Назарбаев Зияткерлік мектебінің  негізгі мақсаты - әр мектептің әлеуетін арттыру екендігін айтты.

«Сондықтан үш жыл бойы үздік мұғалімдер қатарынан бағалау жүйесі бойынша  әдістеме және оқыту технологиясы тренерлерін дайындап келеміз. Биыл зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша  тренерлер дайындауды бастаймыз. Өткен жылдан бері әр аудан үшін  жаңартылған білім мазмұнына сәйкес пәндер бойынша әдіскерлерді дайындауды қолға алдық»,- деді Күләш Шәмшидинова.

Аймақ басшысы  сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектебі іске қосылған бес жыл ішінде, жоғары деңгейлі мамандардың үлгісі бола білгенін тілге тиек етті.

«Сіздердің тәжірибелеріңіз бен жұмыс тәсілдеріңізді  орта және кәсіби білім саласының барлығына  енгізу керек. Біз бүгін сол үшін екіжақты әріптестік меморандумына қол қойып жатырмыз»,-деді Ерлан Қошанов.