Жезқазған кеншілері шахтадағы құрал-жабдықтың тозғанын айтып шағымданды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазғандағы кеншілер шахталардағы техника жағдайы мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты жіті мәселелерді көтерді. Ұжыммен ккездесуден кейін компания өндірістік инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасын жеделдететінін мәлімдеді.

Горняки Жезказгана подняли вопрос оснащения шахт
Коллаж: Kazinform / Freepik

Жезқазғандағы Оңтүстік кенішке қарасты шахталардың бірінде еңбек ететін жұмысшылар өндірістік жабдықтардың тозу деңгейі мен еңбек жағдайына қатысты наразылықтарын білдірді. Осыған байланысты кәсіпорын басшылығы мен ұжым өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесу өтті.

Талқылау барысында кеншілер өндіріс үдерісіндегі бірқатар түйткілді атап өтіп, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді. Қойылған барлық мәселе белгіленген тәртіпке сәйкес жан-жақты қаралатыны айтылды.

«Қазақмыс» өкілдері көтерілген негізгі мәселелердің басым бөлігі өндірістік жабдықтардың техникалық жай-күйіне қатысты екенін атап өтті. Компания бұл жағдайдың ұзақ жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан қалыптасқанын мойындап, алдағы кезеңде инвестициялық бағдарламаны күшейту және үдерісті жеделдету жоспарланғанын хабарлады.

— Соңғы жылдары ұзақ уақыт бойы қаржыландыру көлемінің шектеулі болуы салдарынан жабдықтардың тозу деңгейіне қатысты бірқатар мәселе қордаланды. Осыған байланысты компания басшылығы өндірістегі қауіпсіздікті арттыру, еңбек жағдайын жақсарту және инфрақұрылымды жаңарту мақсатында инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оны жеделдетуге шешім қабылдады, — делінген ресми мәлімдемеде.

Компания сондай-ақ өндірістік процестердің штаттық режимде жалғасып жатқанын, барлық жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес орындалып отырғанын нақтылады.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында тау жынысының опырылуы салдарынан кенші қаза тапқан болатын