ШҚО-да тау жынысы опырылып, шахтер мерт болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында «Шығыстүсмет» компаниясына қарасты Артемьев шахтасында жазатайым оқиға болды. Тау жынысының опырылуы салдарынан кәсіпорын қызметкері көз жұмды.

ШҚО-дағы Артемьев шахтасында механик 9 метрден құлап, көз жұмды
Фото: видеодан алынған скрин

Компанияның мәліметінше, қайғылы оқиға 30 мамыр күні сағат 20:30 шамасында шахтаның учаскелерінің бірінде болған.

— Тау жынысының опырылуы салдарынан кәсіпорын қызметкерінің қаза болғанын терең күйзеліспен хабарлаймыз. Бұл бүкіл ұжым үшін ауыр қайғы. Біз әріптесіміздің отбасы, туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз, — делінген компания хабарламасында.

Осыдан кейін аталған учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылды. Қазіргі уақытта кәсіпорын мамандары мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Компания өкілдері марқұмның отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

— KAZ Minerals тобы басқарма төрағасы Андрей Третьяков арнайы құрылған комиссия мүшелерімен тұрақты байланыста болып, оқиға орнына аттанған.

Жазатайым оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Қазцинктегі жарылыстан зардап шеккен жұмысшылардың бірі ауруханада көз жұмғаны хабарланған.