16:49, 14 Қазан 2015 | GMT +5
«Жезқазған-Қызылорда» жолының құрылысы 2017 жылға шегерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жезқазған-Қызылорда» жолын қайта салу 2017 жылға шегерілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті.

«Қызылорда-Қарағанды» жолын қайта салу бойынша биыл Жезқазған мен Қызылорда арасындағы учаскесіндегі жобаны іске асыруды бастауға қаржы қарастырылған болатын. Алайда 2016 жылы жол бюджеті шектеулі болғандықтан, жаңа жобаларға қаржы бағыттау орынсыз болды», - деді ол.
Осы орайда ол бөлінген қаржыны басталған «Астана-Теміртау», «Астана-Павлодар» және «Алматы-Қапшағай» жобаларын аяқтауға қайта бағыттау туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
«Қазіргі кезде аталған жолдың (Жезқазған-Қызылорда) реконструкциясына займ тарту мәселесі қарастырылуда. Жобаны жүзеге асыру 2017 жылы болады деп күтілуде. Бұл жолдың ұзындығы 925 шақырым, ал жобадағы құрылыс жұмыстарының құны шамамен 270 млрд. теңге болмақ»,-деді А. Беков.