Жезқазған мыс балқыту зауыты 40 жылда 7 млн. тонна сапалы катодты мыс өндіріп шығарды
АТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Жезқазған мыс балқыту зауыты 40 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Қазақмыс тобының баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, өндіріс орны 40 жылдың ішінде шикізаттан мысты айырып алуда 98,3 пайыздық жоғары сапалы катодты мыстың 7 миллион тоннасын өндіріп шығарды.Қазіргі уақытта зауытта қолданыстағы жабдықтарды қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақтың экологиясына өндірістік қызметтен келетін жағымсыз әсерді кеміту мәселелері шешілу үстінде. Өндіріс орнына соңғы жылдары 11 миллион доллардан астам инвестиция салынды. Биылғы инвестициялық бағдарлама шамамен 8 миллион долларды құрап отыр.
2 мыңға жуық қызметкері бар зауыттың мерейтойы кезінде 700-ден астам металлург мемлекеттік наградаларды, құрмет грамоталарын алды. Сондай-ақ кәсіпорынды дамытуға қосқан зор үлесі үшін бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақыға ие болды.