«Жезқазған - Петропавл» автомобиль жолы учаскесін орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда 5,4 шақырымдық учаскеде барлық жұмыстар аяқталды, оның ішінде ескі жол төсемі алынып, 42 мың шаршы метр көлемінде асфальт жамылғысын төсеуге әзірленді, бес мың тоннадан астам асфальт-бетон қоспасы төселді. Қалған 3,6 шақырымды 1 қыркүйекке дейін бітіріп, учаскені мерзімінен бұрын пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жоғарыда аталған жолдың 710-719 шақырымдарындағы ұзақтығы 9 км учаскені орташа жөндеу суық ресайклинг технологиясымен жасалғанын атап өту қажет.
Суық ресайклинг технологиясы - бұл қолданыстағы жол жамылғысының материалын ұсатып, сол жерде тұтқыр және тас өнімді материалдармен араластыру арқылы оның физика-механикалық қасиеттерін жақсартып, оларды нығыздап төсеп, тиісті параметрлерге келтіріп қайта қолдану технологиясы.
Суық ресайклинг технологиясы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жол техникасы қажет. Осы учаскедегі жұмысқа 23 техника және 38 жұмысшы тартылды.
Осы технологияны қолданып орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу автомобиль жолы учаскесінің пайдалану жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп жазылған хабарламада.