15:08, 14 Сәуір 2023 | GMT +5
Жезқазған Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарын толық көлемде қаржыландыру қажет – Әлихан Смайылов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірінші кезекте Мемлекет басшысының өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында реконструкцияланатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының учаскесіне барды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын жол учаскесінде 2023-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» тас жолын реконструкциялау жобасы аясында іске асырылатын ұзындығы 305 км «Жезқазған – Қарағанды» күре жолымен қатар жаңғыртылатын учаскелердің бірі болады.
Премьер-Министр биыл республикалық маңызы бар жолдарды дамытуға 420 млрд теңге қарастырылғанын, соның есебінен 3,6 мың шақырым жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
«Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялауға мейлінше жергілікті компанияларды тарту қажет. Биыл бастапқы кезеңінде 65 шақырым жол пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы жобаны аяқтау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді», — деді Әлихан Смайылов.



Әлихан Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірдегі ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 30 елді мекенде кешенді су блогы модульдері мен 4 елді мекенде су құбыры желілерін салу көзделген.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары басталмақ. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Осыған байланысты әкімдік жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.



Үкімет басшысының айтуынша, жаңа нысандарды салу үшін инженерлік-көлік коммуникацияларын дамыту маңызды болып табылады.,«Инфрақұрылым жүргізу, оны жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру және басқа да іс-шараларды орындау кезінде қала шекарасын одан әрі кеңейту перспективалары ескерілуі керек. Әкімдік бұл мәселені бақылауда ұстауға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

